1964 жылы Көкшеутау облысы Щучие қаласында көп балалы (5 ағасы және 2 әпкесі) отбасында дүниеге келген. Әкесі - Михаил Константинович ҰОС-на қатысқан.
Щучие қаласында балалардың басым бөлігі спортпен шұғылдануды шаңғы жарысанан бастаған. Әлбетте, тылсым табиғаттың өзі осы үшін жағдай тудырып отырғанда басқаша болуы тіпті де мүмкін емес еді. Ол тұрған үй, оқыған мектеп орманға іргелес болатын. Сонымен қатар, мектепте дене шынықтыру ұстазы болып жұмыс істеген (сондай-ақ ол Владимирдің алғашқы жаттықтырушысы болып табылады) Владимир Петрович Браташов шаңғы жарысы десе ішкен асын жерге қоятын еді. Володяны шаңғы жарысына баулыған да осы дене шынықтыру ұстазы болатын.
Екі сабақтан кейін Володя Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы , ол уақытта атағы республикаға танылып үлгерген білікті жас жаттықтырушы, юниорлар арасында әлем чемпионы Сергей Тишков сияқты бірқатар шаңғыларды тәрбиелеп шығарған Александр Крустьянович Унгефуктің қамқорлығына өтеді.
Владимир спорттық шеберлігін жылдам шыңдап, 16 жасында (1981 жылы) жасөспірімдер арасында республиканың құрама командасына мүше болды. Осылайша 11 жыл бойы ел құрама командасының сапында жаттыға жүріп В.Смирнов үш мәрте КСРО біріншілігінде жеңіске жеткен. Сонымен бірге, 14 дүркін КСРО чемпионы атанып, 4 мәрте юниорлар арасында әлем біріншіліктеріне қатысқан (жеңімпаз да, жүлдегер де атағын еншілеген). 1987 жылы 4*10 км эстафетада әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Калгари қаласында өткен XV Қысқы Олимпиада ойындарының 3 дүркін жүлдегері (30 км қашықтықта, 4*10 км эстафетада 2 орын және 15 қашықтықта 3 орын), Жапон елінде ұйымдастырылған XVІІ Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы және 2 мәрте жүлдегері (1988 ж.), әлем кубогының 2 мәрте қола жүлдегері, көптеген халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте әлем чемпионы және жеңімпазы.
Ол барлық қашықтықтарда үздік өнер көрсеткен. Сүйікті жүрісі - классика, 15 және 30 км қашықтық. Жылдамдықты бірте-бірте арттырғанды ұнататын.
Қазіргі таңда Швецияда тұрады. 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасының биатлон федерациясының президенті болып табылады. 2006 жылы Халықаралық Биатлон Федерациясының вице-президенті (IBU) болып тағайындалды. Ол 1988, 1992, 1994 және 1998 жылдары өткізілген төрт Олимпиада ойындарының қатысушысы болып табылады.